ХІІІ ТАРАУ. КӨПҰРЫҚТЫ ЖҮКТІЛІК

Опубликовано: 08.12.2018

Көпұрықты жүктілік бұл бір мезгілде екі не одан да көп ұрықтың болуы. Көп ұрықты жүктіліктен туған нәрестелер егіздер деп аталады. Ең жиі кездесетіні екі ұрықты жүктілік. Қос ұрықты жүктілік 70-80 жүктілікте бір рет, ал үш ұрықты 6000-7000 жүктілікте бір рет кездеседі. Төрт және одан да көп ұрықты жүктілік өте сирек кездеседі.

Көп ұрықты жүктілік жиі жасы ұлғайған қайталай жүктілерде, жасанды ұрықтандыру нәтижесінде кездеседі. Бұл жерде тұқым қуалаушылық та орын алады.

Көп ұрықты жүктілік екі не одан да көп бір уақытта пісіп жетілген аналық жасушалардың ұрықтануы нәтижесінде туындауы мүмкін. Екі не үш аналық жасуша бір немесе қос аналық безде бір уақытта пісіп жетілген бір не әр түрлі (2-3) фоликулдарда дамуы мүмкін. Ұрықтанған екі аналық жасушаларда түзілген егіздер екі жұмыртқалы деп аталады. Бір аналық жасушадан түзілген егіздер бір жұмыртқалы егіздер деп аталады.

Қос жұмыртқалы егіздер бір жұмыртқалыққа қарағанда жиі кездеседі.

Екі жұмыртқалы егіздер. Ұрықтанған аналық жұмыртқалар өз бетімен дамиды. Жатырдың кілегей қабатына енген ұрықтанған әр аналық жұмыртқаның өз сулы және түкті қабығы дамиды; одан әріде егіздің әрқайсысында өзіндік тамыр жүйесі бар плацента түзіледі. Егер аналық жұмыртқалар бір-бірінен алшақ орналасса, плаценталар мүлдем бөлек болады. Ал егер аналық жұмыртқалар жақын орналасса, екі плацентаның жиектері бір-біріне тиіп тұрады болмаса бір-біріне жабысып, бір плацента құрап тұрғандай болады. Шындығында бұл қосылу тек көз алдаушылық; жақын орналасқан әр плацента өз алдына дербес, әрқайсысының өз тамыр жүйесі бар. Бұған қабықты қарау кезінде көз жеткізуге болады: әр қағанақ қабығының өзінің жеке сулы және түкті қабықтары болады. Бұл қабықтар бір-бірінен жеңіл бөлінеді. Екі жұмыртқалы егіздер бір жынысты (екеуі де ұл немесе қыз) және әр түрлі жынысты (ұл және қыз) болады.

Бір жұмыртқалы егіздер. Бір жұмыртқалы егіздердің түкті қабығы мен плацентасы ортақ болады, егіздердің плацентадағы тамырлары көптеген анастомоздармен байланысып жатады. Әр егіздің сулы қабығы бөлек, ұрық қабықтары арасындағы қалқа екі сулы қабықтан тұрады. Сирек жағдайда ғана егіздің екеуі де бір сулы қабыққа ие болуы мүмкін.

Бір жұмыртқалы егіздер әрдайым бір жынысқа жатады (екеуі де ұл не қыз), бір-біріне ұқсас болады. Қан тобы да біркелкі болады.

Егіздердің бір жұмыртқалы не екі жұмыртқалы екені туралы сұрақты шешу барысында плацента мен сыртқы қабықты қараудан алынған мәліметтерге жүгінеді (ортақ, екі бөлек немесе екі жабысқан). Екі ұрық қабығы арасындағы қалқаның неше бөліктен құралғанын (екі не төрт) анықтау ерекше маңызға ие.

 

Жаңа туған нәрестені тамақтандыру | Науқас нәрестелердің күтімі | Жетілмей туған нәрестелердің күтімі | Жатырдағы нәрестенің гипоксиясы мен асфиксиясы | Нәрестені асфиксиядан құтқару тәсілдері | ХІІ ТАРАУ. НӘРЕСТЕНІҢ ЖАМБАСПЕН ЖАТУЫ | Биомеханизм ерекшеліктері | Босану ерекшеліктері | Нәресте жамбаспен орналасқан кезде жүктілікті жүргізу | Цовьянов әдісі |

rss