Халық сенімінен асқан баға жоқ

Опубликовано: 08.12.2018

Елбасы сот жүйесінің жұмысындағы кешенді мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Кеңесте кадр мәселесі, судьялардың жүктемесін азайту, азаматтық процестерді жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығы туралы айтылып, жаңа форматтар бойынша жұмысқа кірісу жайы сөз болды. Осы орайда, Атбасар аудандық сотының төрағасы Бекенов Нұрлан Сәдуұлымен сұхбаттасып, ауданға қатысты бірқатар мәселелерден құлағдар болдық.

– Нұрлан Сәдуұлы, Мемлекет басшысы сот жүктемесінің соңғы 3 жылда екі есе артқанын және олардың сапасына қатысты сұрақ туындағанын айтты. Ал бұл істердің 30 пайызы сотта қарауды қажет етпейді екен. Аудандағы жағдай қалай?

– Расында да, қазіргі таңда сот жүктемесі екі есе көп. Оған өзіміздің статистикалық мәліметтер дәлел бола алады. Мәселен, Атбасар аудандық сотының 5 жылдық динамикасын айтар болса,  2015 жылы азаматтық істер - 20 %-ға, 2016 жылы - 18 %-ға, 2017 жылы - 63%-ға, 2018 жылы - 28%-ға өскен. Қылмыстық пен әкімшілік істердің көлемі де артпаса, азайған жоқ. Оның себебі – азаматтардың сотқа деген сенімінің артуы деп білемін. Оның үстіне соттасушылар саны тым көп. Республикалық статистикаға зер салып, әр жылдың 10 айын саралайтын болсақ, 2015 жылы - 1 млн 400 мың, 2016 жылы  – 1 млн 800 мың, 2017 жылы - 2 млн 200 мың, 2018 жылы - 3 млн 500 мыңға жуық арыз-шағымдар түскен. Еліміздің сот жүйесінде 2 мыңнан астам судья бар, олардың әрқайсысы күніне кем дегенде 7-8 азаматтық іс қарайды. Ал Атбасар ауданында бір судья күніне 5 іс қарайды. Әр іс әртүрлі уақытқа созылады. Ол даудың күрделілігіне байланысты. Мәселен, некені бұзу кей кезде жарты сағатта аяқталады. Кейде баланың тағдыры шешіліп, дүние-мүлікті бөлу қажет болса, одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Мәселен, қылмыстық істер сағат онда басталса, кешке дейін жалғасады. Қаншама куәгерлердің сұралуы да уақытты талап етеді. Өйтпеген жағдайда, сотты біржақты қарап жатыр дейді. Қорғаушылардың да куәгерлері бар, олардың да уәжін тыңдау керек. Бірақ біздің ұстанымымыз қылмыстық істі бір айдан асырмай қарау. Ал азаматтық істер бойынша екі ай,  әкімшілік істер бойынша 15 тәулікте қаралады. Егер қандай да бір сараптама тағайындау қажет болса, тағы 15 тәулік беріледі. Бұдан артық созуға болмайды. Абырой болғанда, Атбасар аудандық сотында істер созбалаңға салынбаған. 

– Азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде не айтасыз?

– Халықтың сотқа деген сенімін арттыру мақсатында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен көптеген жаңа жобалар енгізіліп жатыр. Соның бастысы – сотқа дейін татуласу, смарт сот, отбасылық сот, түнгі сот деген ірі «қанатқақты» жобалар қолға алынуда. Яғни, бұлардың барлығы да сотқа дейін шешімін табу үшін жасалынып жатыр. Қазір Атбасар аудандық сотында 80% іс бір ғана сот отырысында қаралады. Бұрынғыдай 3-4 отырысқа жалғасып, созбалаңға салынбайды. Бұл жұмыстар облыстық сот төрағасының қатаң бақылауында. Екі сот отырысынан асса, біз судьядан істің неге созылғаны жайында сұрап, себебін анықтаймыз. Бұл судьялардың тәуелсіздігіне, не болмаса жеке жұмысына араласу емес, сараптау мақсатында қарау деген сөз. Халықтың сотқа деген сенімін күшейту үшін сот актілерін түсіндіру жұмыстары мықтап қолға алынды. Бұл жұмыс биыл жыл басында алдымен «қанатқақты» жоба болып басталды. Енді бірінші қыркүйектен бері Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы өз күшіне енді. Сот шешімі, сот үкімі, сот қаулыларын әрбір судья сот процесі аяқталған соң не үшін осындай шешім қабылданғанын қарапайым әрі жетік тілде міндетті түрде түсіндіруі керек. Не үшін кінәлі деп табылды, жасалған іс-әрекеті дұрыс сараланды ма, жоқ па, бабы дұрыс па, жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын тұстары бар ма, деген мәселелер халыққа жеткізіледі.

– Демек, апелляциялық шағым азаяды?

– Әрине. Бірақ апелляциялық шағым түсргісі келгендерге шектеу қойылмайды. Судьялардың сот қаулысын түсіндіруді қолға алғалы бері апелляциялық шағымдар саны азайып отыр. Мәселен, ауданда 7 ай ішінде азаматтық істердің арасынан 3,1%-ы  шағымданған болса, қазір 8 айдың ішінде 2,7%-ға төмендеді. Ал 9 айдың ішінде 2,8%-ға,  қараша айында 2,7%-ға төмендеді. Әкімшілік істер бойынша да азайып отыр. Ай сайын аудандық сотқа 150 азаматтық іс түссе, материалдар саны 200-ден асады, қылмыстық 7-8 іс болса, ал әкімшілік іс шамамен 50-60 шамасында. Біздің әр судьяның өндірісінде 70-80-нен астам іс бар. Бір іс аяқталса, оның орнын жаңасы басады. Бұрын судьялар сот процесі аяқталған соң қарар бөлігін оқып шығып, шағымданушыларға 10 күн ішінде апелляцияға шағымдануға құқығыңыз бар деп аяқтайтын. Сол кезде сот залында отырғандарының  кейбірі  не болғанын түсінбей, көкейлерінде түрлі сұрақтар туындайтын.

– Сот саласындағы жаңа «қанатқақты» жобалар жайлы айтып өтсеңіз...

– Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Сарманқұлұлының тапсырмасы бойынша, Атбасар аудандық сотында бітімгер судья дау-жанжалдарды шешеді. Ауданның бітімгер судьясы өзім. Бұл жерде істі 4 күн ішінде қарау керек. Үш күн ішінде оларды шақырып, сөйлесіп, бітімгершілікке келсе, іс қысқарады. Яғни, талапкер мен жауапкерге артықшылықтар мен кемшіліктер жан-жақты түсіндіріледі. Мәселен, қарызды өндіру бойынша іс болса, ертеңгі күні екі жақтың да қорғаушы жалдайтынын, көп шығынға ұшырайтынын түсіндіреміз. Сөйтіп, екі жақты да шығынға ұшыратпай, екеуара келісімге келуге, істі насырға шаптырмай шешудің жолын ұсынамыз. Демек, ақша мен уақыт шығынын болдырмай,  жүйкенің де тозбауын алдын аламыз. Осындай жолмен пилоттық жоба бойынша келген істің 52%-ы ымыраға келу арқылы өз шешімін тапты. Тағы бір айта кетерлігі, биыл тамыз айында халыққа қызмет көрсету орталығында медиация кабинетін аштық. Онда бес күн бойы кәсәпқой бітімгер, қорғаушы, сот орындаушылары, сот қызметкерлері, әділет қызметкерлері кезекпен жұмыс істейді. Біздің байқағанымыз, қорғаушылар отырған күні халық көптеп барып, кеңес алады екен. Қалай болғанда да пайдасы тиіп жатыр. Әр бейсенбіде кәсіби медиатор қызмет көрсетеді. Кабинет ашылғалы бері 20-дан астам шағымданушы келіп, оның сегізі татуласқан.

Смарт сот жобасы арқылы сотқа келе алмаған азамат қайда жүрсе де, тіпті шетелге кетіп қалса да сот процесіне қатыса алады. Ол үшін қосымшаны телефонына жүктеп алуы тиіс. Егер қатыса алмаса, біздің осы жұмыс бойынша жауапты қызметкерімізге телефон арқылы хабарласып, сотқа келе алмайтынын ескертуі керек. Сөйтіп, интернет арқылы байланысқа шыға алады. Ауданда осы смарт сот бойынша 6 іс қаралды. Бұрын сот процесіне келе алмайтын болса, оны кейінге шегеруге мәжбүр едік. 

«Отбасылық сот». Мұндағы мақсат – отбасын сақтап қалу. Ал Ақмола облысында әзірге бұл жоба қолға алынбады. Астана қаласы мен бірқатар облыстарда жүзеге асып жатыр. Біртіндеп, біз де қолға аламыз.

«Түнгі сот». Атбасар ауданына қызметке келген кезде осында да «түнгі сот» жобасын қолға алу жоспарым болды. Статистикаға қарасам, ауданда жол апаты аз екен. Бірақ бұл жоба жүзеге аспайды деген сөз емес. Осы бағытта әлі де жұмыс істейміз. Түсіндіре кетейін, бұл жобаға кешкі сағат жетіден онға дейінгі уақытта болған жол-көлік оқиғалары кіреді. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары Әкімшілік Кодексінің 610-бабы бойынша қаралады. Мәселен, жол апаты болған кезде, полиция қызметкерлері келіп, шығын мөлшерін анықтайды. Оның өзі 2-3 апта уақытты алады. Жәбірленушінің қаншама уақыты кетеді, көлігін қалпына келтіру үшін сақтандыру полисін күтеді, ал оған соттың қаулысы керек. Қаулы лауазымды тұлғаның хаттаманы қашан толтырғанына байланысты. Міне, осы жобалар уақытты үнемдеп, істі тез шешу үшін қолға алынып жатыр. Бұл жоба бойынша Көкшетау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты жұмыс істеуде. Түнгі соттың мақсаты – жол апаты болған кезде шапшаң қажетті материалдарды жинап, сол күні сотта қарайды. Яғни, сағат кешкі онға дейін іс қаралып, аяқталады. Үш күн ішінде қаулы жәбірленушінің қолына тиеді.

– Әділ шешім шығару үшін судьялардың біліммен қаруланғаны абзал. Осы орайда олар жылына неше рет біліктіліктерін арттырады? – Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов қызметке кіріскелі бері судьялардың шетелге барып магистратурада оқып, біліктілігін арттыру қолға алынуда. Қазір Атбасар аудандық сотында сот төрағасы және 4 судья жұмыс істейді. Оның біреуі бала күтімінде. Әріптесіміз Шарапатов Асқар Ахметоллаұлы Англияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген. Шетелге барып, біліктілігін арттыруға тағы да үмітті. Ал біліктілігін арттыру курстары бізде әр үш ай сайын жүзеге асады. Судьялар екі аптаға облыстық сотта білімін шыңдай алады. Сонымен қатар, Жоғарғы Соттың жанында сот академиясы бар. Онда да екі апта мерзімінде біліктіліктерін арттырады.

– Сот процестері қай тілде өтеді? Мемлекеттік тілге басымдық беріледі ме?

– Қазіргі таңда облыстық соттың төрағасы Досжан Сарманқұлұлы әр жиналыста мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы жиі айтады. Істердің қазақ тілінде қаралуын және тіл бойыншга процессуалдық кемшіліктер жібермеуді талап етеді. Өкінішке қарай, ауданда қазақ тілінде қаралып жатқан қылмыстық істердің саны аз. Мысалы, 100 қылмыстық істің бесеуі ғана мемлекеттік тілде қаралған, 944 азаматтық істің 126-сы қазақ тілінде, 522 әкімшілік істің тек  42-сі ғана қаралған. Бұл өте төмен көрсеткіш. Әкімшілік, Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінде «Іс ең алдымен мемлекеттік тілде қозғалуы тиіс. Қажет болған жағдайда орыс тіліне көшіріледі» делінген. Ал бізде ресми тілде жүргізуге мәжбүр. Өйткені, тараптардың көбі мемлекеттік тілді білмейді. Аудандық соттың судьялары екі тілді жақсы меңгерген. Осыған орай, сот процесінің қай тілде жүргізу керектігі сұралады. Өйткені, ертеңгі күні сотта не айтылғаны тараптарға түсініксіз болмауы тиіс. 

– Атбасар ауданында билер кеңесінің пайда болғаны жайлы хабардармыз.

– Ақмола облыстық соты төрағасының тапсырмасын орындау мақсатында Атбасар ауданы әкімдігі мен аудандық сот арасында меморандумға қол қойылды. Соның негізінде  ауданда Брисовский, Мариновский, Покровка және Полтавка ауыл аймақтарында үш адамнан ауылдың белсенді қарияларын іріктеп алып, билер кеңесін құрдық. Бұл ретте бізге ауыл әкімдерінің көмегі зор болды. Ауылдың беделді азаматтары таңдап алынды.  Яғни, бұл бұрынғы билер институтын жаңғырту мақсатында қолға алынған тірлік. Билер кеңесі ауыл ішінде қандай да бір дау туындай қалса, өзара шешу үшін қажет. Ауданда дау-жанжалды сотқа дейін жеткізбей шешетін кәсіби емес медиаторлар саны – 127. Енді ауыл билері солармен бірлесіп жұмыс істейді. Неге осы төрт ауыл аймағын таңдап алдық? Өйткені, біздің талдауымыздың нәтижесінде осы ауылдардан сотқа келіп түсетін арыз-шағымдар, дау-дамайлар өте көп екен. Атбасар қаласында да дау жеткілікті. Қалалық  билер кеңесінің төрағасы Сабыржан Кенжебаев деген ақсақал. Бұл жұмыстар қазан айында қолға алынды. Енді олар әр үш ай сайын бізге есеп беруі тиіс. Келешекте барлық ауыл аймақтарында билер кеңесін ашамыз деген жоспар бар.

– Судьяларға қандай талаптар қойылады?

–  Талаптар өте жоғары. Өз басым бала кезімнен «сот боламын» деп өстім. Он жыл прокуратура саласында қызмет етіп, арманның жетегінде сот жүйесіне келдім. Барлығымыз қандай да бір қызметке кіріспес бұрын саналы түрде ойланып келеміз ғой. Ондағы қиындықтар, талаптардың жоғарылығы, жауапкершіліктің мол екенін білеміз. Судьялар белгілі бір уақытта үйіне қайта алмайды. Өндірісте іс көп болса, түнге дейін отырады. Яғни, бір күнге белгіленген, жоспарланған жұмысты екінші күнге қалдыра алмаймыз. Қазір судья бұрынғыдай шешімді күрделі етіп емес, қарапайым тілде сауатты жазу керек. Тоқетерін ғана көрсетеді. Әсіресе, қыз-келіншектерге қиын. Үйінде отбасының алдындағы міндеттері тағы бар. Оңай емес. Бірақ осы жұмысты таңдап келген соң Елбасы мен халықтың сенімін ақтау мақсатында сапалы жұмыс істеуге міндеттіміз.

–  Сұхбатыңызға рахмет.

Автор: Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter