Сотқа дейінгі дауларды медиация тәртібімен реттеудің негізгі принціптері мен тетіктері

Опубликовано: 08.12.2018

Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.

Медиацияға жүгінсе, дауласушылардың бірінікі дұрыс, екіншісі бұрыс демей, оның алтын ортасын іздейді, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім табылады. Түптеп айтқанда, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар арасында келісімге келудің ізгілікті жолы деуге болады.

Азаматтық сот ісін жүргізуде міндетті медиацияны енгізу және одан әрі дамыту мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының өкімімен «Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы» Ереже бекітілді. Бұл ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне және «Медиация туралы» Заңға негізделіп, әзірленген. Пилоттық жоба 2017 жылдың ақпан айынан басталып, бүгінгі күні өз жалғасын табуда.

Пилоттық жобаның мақсаты даулардың (жанжалдардың) жекелеген санаттарын медиация тәртібімен сотқа дейінгі ретеуді азаматтық сот ісін жүргізуге енгізу болып табылады. Ал, жобаның міндеттері, татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту, халықтың соттан тыс дауды (жанжалды) реттеу мүдделілігін анықтау болып табылады.

Азаматтық құқықтық қатынаста баламалы Ереже кәмелетке толмаған балалардың мүдделеріне қатысты, отбасылық, еңбек дауларына, мұрагерлік, көршілердің арасындағы жер учаскесінің шекараларын анықтау, пәтерден шығару туралы, некені бұзу және мүлікті бөлу, қарыз келісімшарттары бойынша, сақтандыруға қатысты даулар санаттарына қолданылады.

 Жалпы медиация туралы сөз қозғағанда оның тарихына үңілмеске болмайды. Егер тарихқа үңіліп қарасақ, медиация дау пайда болған кезден бастап тамыр алғанын байқаймыз. Дауды шешу мақсатында, тараптар арасында келіссөзге келген сияқты, үшінші тұлғаның қатысуымен келіссөздің ерекше түріне, яғни, медиаторға да жүгініп отырған.

Медиация ерте кезде дәл осы кездегі сияқты қолданылды деп айтуға болмас, бірақ дауға қатысы жоқ бейтарап тұлғаның қатысуы арқылы тараптарды татуластыру тәсілі туралы айту орынды деп есептейміз. Басқа әдістер тек дау шешілуі мүмкін бола алмаған кезде қолданылып, жетістікке жету үшін, дауласушы тараптар бір-бірінің көзқарастарын түсіну керек болды. Көп ғасырлар бұрын адамдар байсалды, қауыпсыз, әрі өзара түсіністік пен шешу тиімді екеніне көз жеткізген.

Алғашында медиация тек отбасылық дауларда пайдаланылып жүрді. Нәтижесінде кейіннен медиация кең ауқымды түрде мойындауға ие болып, отбасы дауларынан бастап, көп жақты өте күрделі коммерциялық және жария құқықта да пайдаланылды. Медиация моделі әлемде өте көп. Бірақ барлығы үшін ең маңыздысы, әрбір моделде медиацияның негізі мен қағидалары сақталуы керек.

“Медиация” термині латын тілінен аударғанда “(mediare) – “делдал” дегенді білдіреді. Ал ағылшын тілінде медиация термині (mediation) – делдалдылық, өтінім дегенді білдіреді.

Бүгінгі күнде дауларды шешудің балама жүйесі барлық өркениетті елдерде және замануи құқықтық инфрақұрылым құруға ұмтылудағы мемлекеттерде өз қолдаушыларын тауып жатыр. Өкінішке орай, Қазақстанда медиацияның дамуы кенжелеп қалған, бірақ сот отырысының осындай баламасы көптеген азаматтардың көңілінен шығады.

Медиация - (латын тілінен mediatio - делдалдық, ағылшын тілінде - mediation) - дауды шешу жолында тараптардың өзара әрекетке түсуін жүзеге асыратын кәсіби медиатордың көмегімен және ерекше іс жүргізу жағдайлары бойынша дауды шешудің мүмкіндігі мол, осы дауға қатысушылардың біріге отырып мәселелерді шешу процессі. Медиацияны кең тараған делдалдық және бітімге келу рәсімдерінің «жетілген нысандарымен» теңеуге болады, демек, медиацияның көп ғасырлар бойы бітімге келуге қызмет еткенін аңғаруға болады.

Қарапайым тілмен айтсақ, екі дауласушы тарап бар, олар сотқа жүгінгеннен гөрі кәсіби медиаторға баруды жөн деп санайды, өз кезегінде медиатор оларды тыңдап, дауды шешудің оңтайлы жолын ұсынады.

 Қазақстандық құқықтану қоғамы дамыған мемлекеттерде дауларды шешу барысында сәтті қолданылып жүрген заңнамалық жаңалықтардан тыс қала алмады.

 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы осы жұмыстың қорытындысы болды. Жаңа Заң ресми түрде 2011 жылғы 5 ақпанда жарияланды және сол арқылы азаматтардың құқықтарын қорғаудың балама нысандары бірінің дамуының жаңа кезеңін белгіледі. Медиация делдалдықтың нысаны ретінде біздің Республикада жеке іс жүргізу құқығы институты ретінде заңды түрде бекітілді, заңнаманың ойынша олар соттарға нақты және жүйелі бәсекелес болуы қажет.

 Қазақстан Республикасы Президентінің Судьялардың V съездінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру Жоспарының 6-т. сәйкес медиация институтының біздің мемлекеттің құқық қолданылу қызметіне заңнамалық тұрғыдан сәтті бекітілуі үшін ҚР Жоғарғы Соты негізгі заңнама жобасын әзірлеуші болып айқындалды.

 Осы Заңнамалық жаңалық енгізілгеннен кейін көптеген зерттеушілер сотқа дейінгі бітімге келу институттарының дамуын бақылап, оның халықаралық стандарттарға сәйкестенуге барынша бағыт алғанын атай отырып, патриархалды Даладағы билер соты институтымен салыстыру жүргізеді. Билер сотының мемлекеттігіміздің және қазақ қоғамында құқықтық мәдениеттің қалыптасуындағы рөлі жалпыға белгілі. Қазақ құқығының бірегейі «Жарғы» қазіргі таңдағы өркениеттегі идеалдар принциптерінің рухымен үндес десек те болады.

 Билердің беделі көбінесе халықтың мойындауымен, тануымен артып отырды, бұл өз кезегінде тәуелсіз, әділетті сот төрелігін жүзеге асыруға негіз болды. Билер халықтың лайықты өкілі, «аманаты» және халықтың ары болып табылды. Олар қазақ құқығының басты жүктеушісі, мемлекеттің барлық құқықтық функцияларын іске асырушы: білгір, суырып-салма, әрекет етуші заңнамаларды қорғайтын және реформалайтын, сондай-ақ, хандардың және сұлтандардың кеңесшілері болды.

 Аралық соттың мүшесі заңгер болуы міндетті емес, тек адам қос тараптың сенімі мен құрметін ұялата алатын болса жеткілікті. Өз кезегінде бұл осы төрелердің жоғары моральдық деңгейді ұстануына, ар-ожданын қасиет тұтуына, сатылмауына және тәуелсіз болуына итермелейді.

 Медиация - бұл тараптардың белгілі-бір мақсатқа жету үшін ерікті негізде таңдайтын дауды шешудің соттан тыс тәсілі.

Заң қоғамдық қатынастарды реттеуді қамтамасыз етуге шақырады, жалпы ережелерді белгілейтін нормаларды қамтиды: медиацияның жүргізілуін қамтамасыз ететін ұйымдастыру және медиаторлардың құқықтық жағдайын бекітеді.

Медиацияны жүргізу тәртібі.

2011 жылғы 28 қаңтардағы «Медиация туралы» ҚР Заңына сәйкес медиация рәсімін медиатор жүргізеді, яғни ол тараптармен кәсіби және кәсіби емес негізде медиацияны заң талаптарына сәйкес жүргізуге тартылған тәуелсіз жеке тұлға.

 Жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.

Қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген; заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған; оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын; заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.

Мүмкін болатын нәтижелердің ең қолайлысына қол жеткізу медиатордың негізгі функциясы: тараптардың бірыңғай көзқарасын қалыптастыру, бұл ретте медиатор мәселені шешу жолын өз көзқарасы бойынша тараптарды көндіруге құқылы емес, себебі бұл кезде тараптар жүргізілген рәсім нәтижесінің дұрыстығына кәміл сенеді. Сонымен қатар, осылайша қол жеткізілген келісім олардың жеке қатынастарына да қатысты болуы мүмкін; ол өзіне қалыпы құқықтық рәсімдер барысында, мысалға сот талқылауында тілге тиек ете бермейтін мәселелерді де қамти алады, өз кезегінде бұл орын алған келісімнің бұзылмауына ықпал етеді.

Қорытындалай келе, біздің мемлекетте дауды реттеудің балама құралдары, оның ішінде медиацияның дамуы, әлемдік қауымдастықпен өркениетті құқықтық жүйе орын алған, бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына кіру жолындағы негізгі қадамдардың бірі деп танылатынын атап өткен жөн.

Ерейментау аудандық

сотының кеңсе меңгерушісі                                       

Т.Бертанов

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter