Новость: Әсерлі әңгіме

Опубликовано: 20.11.2018

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайындағы «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесу кешін ұйымдастырудың мақсаты — оқырмандар арасында ізгілікті ойларды қалыптастыру, көпшілікті игі істерге жетелеу.

Кездесу кешінің бұл жолғы қонағы философия ғылымдарының докторы, профессор, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, ҚР жоғары мектебіне және ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Алтай Тайжанұлы болды.

Жиынды өткізу тізгінін қолға алған кітапхана қызметкері Талғат Тілеулесов ғалымның өмір жолы, атқарып жүрген қызметі туралы кіріспе сөзден кейін жиналғандар арасында ашық әңгіме өрбіді.

1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітірген жас маман алғашқы ұстаздық жолын Қостанай облысындағы Рудный индустриялық институтында бастайды. Жоғары оқу орны оқытушылары арасында жалғыз ғана ұлттық кадр болған ол кеңестік қоғамның бір келеңсіз құбылысын осы деректен өрбітеді.

Одан кейінгі Ақтөбедегі медицина институтында, мемлекеттік университетте қызмет істеген жылдарын өзінің ұстаздық және ғылым жолындағы жемісті кезеңдері деп есептейді. Осы тұста ол өзінің көптеген ғылыми еңбектерін жазды, шәкірттерін ғылым жолына дайындады, жастарға жақсы бағыт беруге үлес қосты.

Ғалым кездесуге келген жас буынға арнап тағылымдық әңгімелерін айтты. Өзі өмірін арнаған бағыт төңірегіндегі сөз желісін «Ғылым бағу – таны­мың­ды кеңейту, тереңдету, білмегеніңді бі­луге ұмтылу, ізденістер жасау. Бұл — ұлы Абай өз қоғамына қойған талаптардың бірі. Онсыз қа­зіргі уақытта да аса мәнді ілгерілеу бол­мақ емес. Соны терең түсінген Абай «Ғы­лым – Алланың бір сипаты» дейді. Ендеше, ғы­лым бағу қажет» деп бір түйіндеді.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің әлеміне де қысқаша шолу жасады. Ғалымның «Мұхтар Әуезов — ойшыл, ұстаз» атты еңбегі бар. Сондай-ақ «Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық өзектері» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Сондықтан да оның өзінің философиялық ойларын ғұлама қаламгердің өмірлік өнегесімен байланыстыра баяндауы бір жағынан заңдылық та.

Алтай Тайжанұлы сонау Қожа Ахмет Яссауи, әл-Фараби, Асан қайғы, Жүсіп Баласағұннан бастап бүгінгі замандастарының еңбектеріне дейін талдап оқып отырады. Сонымен бірге ойдағы әсерін қағазға түсіріп, ғылыми пайымдауларымен жұртшылық назарына ұсынғанды да жөн көреді.

Ғалыммен кездесуге аға буын өкілдері — өмірдің сан қилы белестерінен өтіп, мол тәжірибе жинақтаған ақсақалдар да, олардың ізін қуып келе жатқан кейінгі толқын өкілдері де, сонымен бірге студент жастар да көптеп жиналды. Олардың тарапынан сұрақтар да қойылды, игі тілектер де айтылды.

«…Әрине, озық технологияларды пайдалануымыз орын­ды. Бірақ білім мен тәрбие біздің унитарлы мем­лекетіміздің іргетасын бекітуге, Тә­уелсіздігімізді нығайтуға қызмет етуі керек. Олай болса, оның мазмұны этномәдени бо­луы қажет. Осындай мазмұндағы білім мен тәрбие алған ұрпақ қана дана Абайдың сы­нына құлақ асып, асқақ армандарын жа­қындатады», —  деп тұжырымдады кездесуді Алтай Тайжанұлы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

rss